E-mail: grin_kost@mail.ru

Пн Пт 10:00 - 18:00

АТАМНЫҢ АМАНАТЫ

Құрметті достар, қадірлі әріптестер!
Ардақты отандастар!

Биыл біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өттік. Білетініміздей, өткенсіз болашақ жоқ. Біз бейбіт өмір үшін жанын қиғандарды еске алып, құрметтеуге тиіспіз!

Өкінішке қарай, сол сұрапыл соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен талай жауынгерлер әлі де із-түзсіздер қатарында. Олардың ата-аналары ауыр жүрекпен, балалары жайлы бір ауыз хабар ала алмай, дүниеден өтті. Алайда, ұрпақтары фашизмді жеңген ардақты әкелері мен аталарының есімдерін білуі тиіс.

Осы қасиетті міндет – қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің есімін қайтару ісін үкіметтік емес ұйымдар атқарып келеді.

Көп жылдан бері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу және олардың есімдерін мәңгі есте қалдырумен айналысып келе жатқан «» үкіметтік емес ұйымына шын жүректен ризашылығымды білдіремін.

Жақында жүргізілген іздестіру экспедициялары барысында ұрыс болған жерлерден жауынгерлердің сүйектері, сондай-ақ олардың жеке тану белгілері мен құжаттары табылды. Бұл деректер олардың аты-жөнін, әскери шенін және қай әскери бөлімге тиесілі болғанын анықтауға мүмкіндік берді. Бұл – ондаған жылдар бойы тағдыры беймәлім болған есімдерді қайтаруға мүмкіндік берген орасан зор еңбек.

Алайда ендігі міндетіміз – осы жауынгерлердің туыстары мен ұрпақтарын табуға көмектесу. Бұл олардың отбасыларына табылған жері мен қаза болған жағдайы туралы мәліметті жеткізу үшін қажет. Мүмкіндік болса, оларды әскери құрметпен қайта жерлеуді ұйымдастыру, сондай-ақ батырлар жайлы естелікті сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау маңызды. Әр табылған дерек – ортақ тарихымыздың қайта жаңғырған бір парағы, Отан үшін жанын қиған ердің есімін қайтару мүмкіндігі.

Ұйым анықталған есімдердің өңірлер бойынша тізімін ұсынды.
Егер тізімнен өз туысыңызды байқасаңыз немесе ол туралы қосымша мәліметтеріңіз болса, «АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» ұйымына хабарласуыңызды сұраймыз.

Байланыс нөмірлері:
+7 771 287 21 11
+7 776 828 45 34
+7 776 828 45 35

Email: ata.amanaty@gmail.com

Әрине, 80 жыл ішінде көп өзгерістер болды. Көптеген қазақстандықтар басқа өңірлерге, тіпті шет елдерге қоныс аударды. Сондықтан күшімізді біріктіруіміз қажет.

Келіңіздер, бәріміз осы іске атсалысайық. Сілтемені туған-туыстарымызға, жақындарымызға, достарымызға және әріптестерімізге жолдайық. Ұзақ уақыт бойы хабарсыз кеткен жауынгерлердің туыстарын табуға көмектесейік. Бұл – біздің адамдық борышымыз!

Қаза тапқан жауынгерлер тізімі шартты түрде өңірлер бойынша бөлінген, алайда 40-жылдары облыстардың атаулары басқа болғанын ескерген жөн. Сондықтан барлық тізімді қарап шыққан абзал, сонда ғана таныс фамилияларды табу мүмкіндігі жоғары болады.

Толық ақпарат Қазақстанның Азаматтық Альянсының Telegram-арнасында жарияланған:

Telegram: https://t.me/civilalliancekz

Баршамызға осы игі істе сәттілік тілеймін! Ешкім ұмыт қалмауы, ешкімнің есімі жоғалмауы тиіс.
Ізгі ниетпен,
Бану Ғаниқызы Нұрғазиева
Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті